25 Ақпан, 2015

   Балалар шығармашылығына – кең өріс

301 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елбасының тапсырмасына сәйкес балалар мен жастардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамыту жөнінде 2015-2018 жылдарға арналған жүйелі шаралар кешені әзірленді. Жуықта Астанадағы Оқушылар сарайында Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» мекемесінің бастамашылығымен осы бағдарлама талқыланды. Мұның жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, бірқатар министрліктердің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері Астана және Алматы қалалары мен облыстардағы білім басқармаларының, техникалық шығармашылық орталықтардың, жас техниктер стансаларының басшылары қатысты. Отырыста Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер аталған бағдарламамен жиналғандарды таныстырды. Онда балалардың бос уақытын қосымша біліммен ұйымдастыру, балалар мен жасөспірімдерге арналған қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру, жастарды техникалық сауаттылыққа тәрбиелеу мәселелері қамтылған. Аталған мәселені талқылауға Парламент Мәжілісінің депутаттары Әсия Бимендина, Айгүл Соловьева, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарушы директоры Салтанат Рахымбекова, «Ньютон – әл-Фараби» халықаралық әріптестік бағдарламасының менеджері Р.Кеннеди, бірқатар білім басқармалары мен мектептердің басшылары қатысып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Отырыс соңынан балалар шығармашылығын дамыту ісіне үлес қосып жүрген бірқатар адамдарға Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының алғыс хаттары табыс етілді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».